ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ НАСИХАТЫ КҮШЕЙЕДІ
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мәслихатындағы депутаттық фракциясы мүшелері кәсіподақ активімен кездесті. Жиынға облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары мен тиісті басқарма басшылары қатысты. Басқосуда өңірдегі еңбек құқықтары мен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барсында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов көтерілген мәселеге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылдың 1 қарашасына 67 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз, жастар жұмыссыздығы 3,8 пайыз, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайызды құрады. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 475 жобаны іске асыруға 105,3 млрд. теңге қаралған. Бүгінге дейін жоспардағы барлық жоба бойынша жұмыстар басталып, 346 жобаның құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған. Жобаларды іске асыру барысында 12 579 жаңа жұмыс орындары ашылып, 10 926 адам халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылған уақытша жұмыс орындарына орналасты», – деді Н.Нұрашов.
Сондай-ақ өңірде аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 198 мың адамды немесе облыс халқының 9,7 пайызын құрайды. Оның 168,9 мыңына төтенше жағдай кезінде 3,8 млрд. теңгегенің азық-түлік-тұрмыстық жиынтығы берілген. «Nur Otan» партиясымен бірге «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 1 643 өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға 421,4 млн. теңгеге демеушілік көмек көрсетіліп, 43 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік бірқатар мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың халық арасында насихатталу барысына да сыни пікірлер айтылды. Тұрғындарды солтүстік өңірлерге көшіру бойынша да ақпарат пен насихат төмен.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған саладағы осындай проблемаларды болдырмау мақсатында тиісті басқарма мамандары мен партия мүшелерінен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізетін арнайы жұмысшы топ құрып, жұмысты ширата түсуге шақырды.