ТҮРКІСТАН: НҰРОТАНДЫҚ ДЕПУТАТТАР ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ МЕН ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУДЫ СЫНҒА АЛДЫ

Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның мәжілісі өтті. Оған Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары мен жауапты басқарма басшылары мен орынбасарлары, байланыс операторларының өкілдері қатысты. Өңірдің дамуы және «Nur Otan» партиясының Жол картасының жүзеге асырылу брысы сөз болған жиынға фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Ол «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлерде фракцияның жұмысын күшейту, өткір проблемаларды шешуге ықпал етуді жүктегенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланған. Жалпы 445 млрд. теңгеге жаңа 257 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 230 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен қолға алынған. Өңірде барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Экономикалық, әлеуметтік индикаторлардың орындалуы жақсы.

«Nur Otan» фракциясы депутаттарын Түркістан облысының кейбір ауылдарында ғаламтор жылдамдығының төмендігі алаңдатып, осы мәселе төңірегінде өткір сұрақтар қойды. Бұл сауалдар Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевқа бағытталған болатын. Басқарма басшысы алдымен өзі жауапты басқарманың өңірді интернетпен қамту жолындағы жұмыстарын баяндады. Оның айтуынша, Түркістан қаласын цифрландыру бағытындағы 48  бастаманың 25-і іске асырылған. Қаржыны оңтайландыру, жұмысты жүйелеу нәтижесінде 2020 жылы облыстық бюджетке кезең-кезеңімен 244,5 млн. теңге үнемделіп, қайтарылған.

«Бұдан басқа, телефон аппараттарының абоненттік төлемдері 1064 теңгеден 350 теңгеге дейін, халықаралық телефон сөйлесулеріне кететін шығындар минутына 39 теңгеден 7 теңгеге дейін төмендетілді. Аудандар, қалалар, облыс әкімдігі мен басқармалар арасында лимитсіз тегін сөйлесулер қамтамасыз етілді. Облыста 838 елді мекен бар. Оның ішінде 481 елді мекенде (57,3%) 3G және 4G мобильді интернеті, 206 ауылда  (24,6%) 2G мобильді интернеті қол жетімді. Өңірді сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасып жатыр», – деді басқарма басшысы.

Депутаттар мобильді байланысы нашар және мүлдем жоқ  151 елді мекеннің мәселесі жөнінде сауалдар жолдады. Облыста республикалық, облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар автожолдардың 3400 шақырымында, яғни, 51,5 пайызында интернет пен ұялы байланыстың жоқ екендігі де өткір сыналды.  «Кселл» АҚ, «Билайн» АҚ өкілдеріне де тиісті ұсыныстар айтылды.

ҚР Цифрлық даму министрлігінің ұялы байланыс операторларымен меморандумы аясында «250+»  жобасы арқылы 151 ауылдың 80-нін ұялы байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Алайда байланыс операторлары көрсетілген 58 елді мекенде ғана жұмыс жүргізген. Сонымен бірге фракция отырысында Түркістан облысы үшін архивке арналған  ғимарат қажет екені айтылды.  Депутаттар бұл саладағы түйткілдің көп екеніне тоқталып, ол кемшіліктер Жол картасы индикаторларын орындауға кері әсерін тигізетінін жеткізді. Аталған проблема алдағы уақытта бөлек талқыланып, нақты ұсыныстар жолданатын болды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша өңірдегі қазба байлықтарды заңды пайдаланудағы кедергілер, осы саладағы жұмыстар сараланды. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың мәлімдеуінше, облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген.

«Зерделеу нәтижесінде облыс аумағында жалпы келісімшарт міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 18 келісімшарт және 4 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның ішінде, Ақсу өзені маңында орналасқан 10 жер қойнауын пайдалануға арналған 5 рұқсат құжаттары кері қайтарылды. Қазіргі таңда, облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт, лицензия саны 148-ден 124-ке азайды», – деді Қ.Шонбасов.

Фракция мүшелері жер қойнауын пайдаланушылар арасында заңды белден басатындар әлі де көп екенін, лицензиясы бар тұлғалардың тізімін депутаттарға беру жөнінде ұсыныс берді.

«Өзен, көл, орман, тарихи орындар аумақтарын көздің қарашығындай сақтау керек. Өкінішке қарай, ақшаға құныққан кейбір кәсіпкерлер жер қойнауын пайдалану ережесін сақтамай, табиғатқа орасан зиян келтіруде. Біз осы заңсыздықтардың алдын алуда тиісті басқармамен, әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – дейді нұротандық депутаттар.

Мәжілістегі мәселелер хаттамаға түсіріліп, қаулы қабылданды. Ғаламтормен қамтуды жеделдету, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардан қорғау іс-шараларына депутаттардан жұмысшы топ құрылып, тексеруге шығатын болды. Түйткілдер партияның бақылауына алынды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.