ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Елдегі төтенше жағдай және ұзартылған карантиндік шаралар кезеңінде сауда нысандарының қызметін тоқтата тұруы теңге бағамының төмендеуін, халық тарапынан сұранысты шектеп тауарлар бағасының өсуіне алып келді, дейді мамандар. Сол себептен аудандардағы егістік алқаптарда пияз бен сәбіз секілді маусымдық көкөніс түрлерін көптеп егуді ұсынды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Облыс бойынша ӘМАТ бағаларын тұрақтандыру мақсатында сауда орындары және сауда базарларымен 540 меморандумға қол қойылған. Алайда, аудан, қала әкімдіктері тарапынан баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді қадағалап, бақылау жүргізілмеуінен, біршама азық-түлік бағаларының өсімі байқалып отыр. Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалаларында, Бәйдібек, Созақ аудандарында тауардың бірнеше түрі бойынша бағаның өсуі анықталды. Осыған орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барлық жауапты басшыларға халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруды тапсырды.
Өңірде әлеуметтік сұраныстағы 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы бақылауға алынған. Бағаны тұрақты сақтау үшін облыстық тұрақтандыру қоры сауда орталықтарына тауарларды жеткізіп отыр. Халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қоллға алынуда. Базардағы азық-түлік бағаларының құбылып тұратынын ескерген облыс басшылығы кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу жөнінде жиын өткізіп, ортақ келісімге келген.
Арнайы мобильді топ бағаны күнделікті бақылауда. Өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы баға сұрату тәсілімен қосымша 403,4 тонна азық-түлік тауарларын (қарақұмық жармасы — 50 тн, қырыққабат — 101 тн, макарон өнімдері — 32 тн, картоп — 59 тн, сәбіз — 101,8 тн, құмшекер — 53 тн, сиыр еті — 6,6тн) сатып алынды.