ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС БОЙЫНША ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек. Бұл – Түркістан облысы әкімініңң Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық комиссия отырысында берген тапсырмасы. Өмірзақ Шөкеев облыс көлемінде шектеу шараларын күшейту бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алуды тапсырды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы бойынша аудан-қала территориясында 3 сәуір мен 17 сәуір аралығында шектеу енгізіледі.
Облысаралық, ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Сондай-ақ, жүк тасымалынан басқа теміржол байланысы мен автовокзалдар мен автобекеттер жұмысы да тоқтайды.
Қоғамдық көліктер таңғы 6.00 мен 20.00 аралығында жүреді.
Облыс аумағында «бетперделік режим» енгізіледі.
Азық-түлік базарлары күн сайын дезинфекцияланады, жұмыс режимі 10.00 мен 17.00 аралығын құраса, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 9.00-20.00 аралығында жұмыс істейді. Көпшілік тамақтанатын орындар келушілерді қабылдамай, тек үйге тапсырыс қабылдау арқылы сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істейді.
Жанар-жағармай құю бекеттері, екінші деңгейлі банк, жеке нотариустер 10.00 мен 16.00 аралығында қызмет көрсетсе, сән салоны, шеберхана, көлік жөндеу орындары сағат 10.00-18.00 режиміне көшеді.
Бұдан бөлек, тротуарларды, жолдарды және оларға іргелес аялдама кешендерін, жол қиылыстарын, сыртқы элементтерді және сауда алаңдарының (азық – түлік дүкендерінің) учаскелері кестеге сәйкес дезинфекцияланады.