ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА ҚР МӘСЛИХАТЫНЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті қырық төртінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік органдар басшылары, қала, аудан әкімдері және мәслихат хатшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көпшілікті алда келе жатқан еліміздегі ең ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен және ҚР Мәслихаттарының 25 жылдығымен құттықтады.
– Біз үшін бүгін тарихи күн. Жаңа ғимаратта бас қосып отырмыз. Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына да бір жылдан енді асты. Аз ғана уақытта үлкен жұмыстар жасалды. Оған өздеріңіз де куә болып келесіздер. Өңірдің дамуына әрбіріңіздің қосып отырған үлестеріңіз көп, – деді облыс басшысы.
Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Мәслихаттарының 25 жылдық мерекелік медалімен марапатталып, жаңадан жарық көрген «Түркістан облыстық мәслихаты: тарих белестері және жарқын жеңістер» кітабына ие болды.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы облыстық, аудан, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым төрағаларын және мекеме басшыларын өңірдің дамуына және облыстың саяси белсенділігін арттыруға қосқан үлесі үшін ҚР Мәслихаттарының 25 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Арнайы алғыс хат пен ҚР Мәслихаттарының 25 жылдығына орай жарық көрген кітапты табыс етті.
Серікбай Ибадуллаев төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде 20-ға жуық мәселе қаралды. Отырыста 2019-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттер көлемі нақтыланды. Сондай-ақ, ауызсумен қамтамасыз ету мен әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін айқындалып, Дағдарысқа қарсы штаб құрамы бекітілді. Түркістан облысының халықты жұмыспен қамту мәселесі талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі сараптамалық кеңестің құрамы бекітілді. Кентау қаласының көшелері мен шағын аудандарын қайта атау және атау беру мәселесі қаралып, Түркістан облыстық мәслихатының 2020 жылға арналған жұмыс жоспары ортаға салынды. Күн тәртібін қарау нәтижесі бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясына төраға болып Мұрат Мейірманов сайланды.