ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ ҮГІТ-НАСИХАТ ШТАБЫ АДАЛ ЕҢБЕКТІ ДӘРІПТЕУДЕ
Бүгін Түркістан облыстық ақпараттық-ағартушылық Штабының төрағасы Ерұлан Тұңғышбаев облысқа қарасты Отырар ауданында болып, аудандық кірістер, ішкі істер, медицина қызметкерлерімен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен аудандық Штаб мүшелерімен кездесу өткізді.
Жиынның негізгі мақсаты — азаматтық қоғам қалыптастыруға белсенді жұртшылықты жұмылдыру және әділдік, парасаттылық құндылықтарын кең көлемде насихаттау.
Туралық пен тазалық, адалдық пен әділдік кең көлемде дәріптелген жиын барысында Е.Тұңғышбаев сөз алып, халық үніне құлақ түру – ақпараттық-ағартушылық Штабының көздеген негізгі мақсаты екендігін және халықпен тең отырып тілдесу — талай түйіннің шешілуіне түрткі болатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес мәселелеріне айрықша тоқталып өткенін алға тартып, қоғамда адалдық идеяологиясын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін төмендетуде азаматтық белсенділіктің жоғары болуы ортаға салынған кездесу соңында Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 сall орталығына қоңырау шалу қажеттілігі түсіндіріліп, жиынға қатысушылардың тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берілді.
Айта кетсек, өткен жылдың қараша айында өз жұмысын бастаған республикалық ақпараттық-ағарту Штабының Түркістан облысындағы мүшелері облысқа қарасты аудан-қала тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, бүгінгі күні түсіндіру әрі насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.