ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЕКПЕ ЕГУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСЫНДА

Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін 82 020 адам коронавирусқа қарсы «Спутник-V» екпесінің 1-компонентін қабылдаған. Сонымен қатар, 22 ақпаннан бастап ревакцинация өткізілуде, барлығы 19 491 адамға салынды. Ал 25 сәуірден бастап, отандық «QazVac» екпесін егу жұмыстары басталды. Ол 723 адамға 1 компонентпен егілді. Жалпы Түркістан облысы екпе егу бойынша республикада көш басында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстың бас дәрігері Марат Пашимов мәлімдеді.
«Түркістан қаласында жалпы 10 вакцинациялау пункттері ұйымдастырылды, оның ішінде облыстық департаменттер үйінде мемлекеттік қызметшілерге егу пункті ашылған. Вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттары сақтала отырып, жалпы 80 егу пункттерінде вакцинация жасау жоспарланған. Бүгінгі танда, барлық пункттерде коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салынуда», — деді Марат Орынбасарұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов Түркістан облысында жыл басынан бері карантин талаптарын бұзған 2 086 тұлғаға 117 млн теңге көлемінде айыппұл салынғандығын айтты. Оның айтуынша, облыс тұрғындары арасында эпидемиологиялық ахуалды ескермей тыйым салынған мерекелік іс-шаралар өткізген 303 дерек анықталып, шара көрілген.
Карантин уақытында кәсіпкерлер жұмыс тұралап қалмау үшін «Атамекен» ҰКП қолдан келген шараны жүзеге асыруда. Мәселен, «Ashyq» жүйесі енгізілген нысандар, облыс қызыл аймаққа енген жағдайда да, жасыл аймақтың талаптарымен жұмысын жүргізеді. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амированың сөзінше, мобильді қосымша адамдардың коронавирусқа шалдыққанын немесе сау екенін көрсетеді. Қазір бұл жүйе Түркістан облысында 4 мекемеде енгізілген.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.