ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4 ЖЫЛДА 2,2 ТРЛН. ТЕҢГЕНІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 857,6 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) 190,1%-ға орындалды.

2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн. 133,8 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Қазіргі уақытта, 1 тоқсанның қорытындысымен өңірге 132,2 млрд. теңге (жеке инвестициялар 116,1 млрд. теңге, бюджеттік инвестициялар 16,1 млрд. теңге) инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,0%-ға артты. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

– Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – басты бағытымыз. Бірнеше аудан, қалада қозғалыс бар, көп аудан әлі тапсырманы орындаған жоқ. Жұмысты жүйелеген жөн. Қытай мемлекетіне жасаған іссапардан нәтиже шығару керек. Тағы да іссапарлар болады, сол кезде ірі инвесторлармен келіссөз жүргізіп, нақты келісімдер жасаңыздар. Егер алдағы уақытта бұл жұмыстардан нәтиже шықпаса, ол әкімдердің мәселесі арнайы қаралады. Қандай салаға қандай инвестиция тартылатыны зерделеніп, жұмыс жүргізілсін. Тек әкімдіктер емес, басқармалар да өз салалары бойынша инвестициялық мүмкіндіктерін, жоспарларын ұсынсын. Мәселен, медицина, туризм, аулы шаруашылығы, спорт салаларына инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыруға болады. Білім мекемелерінің жиһаздарының бәрін өңірден шығаруға әрекет жасалып жатыр. Енді өзге өңірлерді, мемлекеттерді қамту жағын ойлану керек. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар үздіксіз жүргізілуі қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында, өңірде 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн. теңге, 18 263 жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіпте – 37 жоба, өнеркәсіп – 58 жоба, 762,0 млрд. тқұрылыс – 19 жоба, туризм бойынша – 19 және өзге де салалар бойынша жобалар жоспарланған. Оның ішінде, 2024 жылы жалпы құны 121,8 млрд. теңгеге 2270 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 44 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Барлық аудан, қалада инвестициялық жобалар жүзеге асуда.

Өңірге инвестиция тартуды күшейту мақсатында, өткен жылы Қытай Халық Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту, өндіріс орындарымен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында іссапарлар ұйымдастырылды. Бірлескен инвестициялық жобалар нақтыланып, жүзеге асыру жұмыстары атқарылуда. Аталған инвестициялық жобалардың есебінен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағытталады деп межеленген.

Өткен жылдың нәтижелі тәжірибесіне сүйене отырып, биыл шетелдік инвесторлар тарту мақсатында Қытай Халық Республикасына, Түркия Республикасына және Корея Республикасына іссапарлар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп күтіліп отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.