ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЙЫНА 6000 –ҒА ЖУЫҚ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ
Түркістан облысы бала туылу көрсеткіші бойынша республика көлемінде алдыңғы шепте. Қазан айының өзінде аймақта 5659 бала туылған. Яғни, тәулігіне 200-ге жуық сәби дүниеге келеді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингісінде атап көрсетілген мәліметке сүйенсек, облыста он ай ішінде жалпы 50 202 нәресте туылған. Өңірде бала туу көрсеткішінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 көрсеткішке артқаны байқалады.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Бұл тұрғыда күрделі кезеңде облыс тұрғындарына барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 67 038 адам қамтылып, оның ішінде 798 адам шағын несие алған және 6 039 адам мемлекеттік грантты иеленді. 30 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа орналастырылған.
Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделін іске асыру мақсатында Түркістан облысында 49,5 мың отбасыға яғни, 277 мың азаматқа 31,9 млрд.теңге қарастырылды. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша жалпы қажеттілікке 27,5 млрд.теңге, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 4,4 млрд.теңге бөлінген.
«Облыста 2020 жылдың 1 қарашасына аз қамтамасыз етілген 35 109 отбасыға 13 156,2 млн. теңге қаржы тағайындалып, 33 434 отбасыға 10 683,2 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 1 және 6 жас аралығындағы 41 516 балаға азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдары берілді. Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 544,5 мың азаматқа 23,1 млрд.теңгеге 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер ұсынылды»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
Облыста сондай-ақ, шілде-тамыз айларында 337 171 өтінішке төлемдер тағайындалып 14,2 млрд. теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленген. 6-18 жас аралығындағы атаулы әлеуметтік алушы 168,9 мың балаларға, мүгедектер мен жұмыссыздарға 3,7 млрд.теңгеге 5 567 теңге көлеміндегі өтемақы түрінде азық-түлік-тұрмыстық пакеттері берілді.