Түркістан облысында астыққа орақ түсті

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін Қазығұрт ауданындағы астық ору науқанымен танысты.  Аймақ басшысы дәнді-дақыл егумен айналысатын «Айқожа» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысу барысында астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұрғанын атап өтті.

1998 жылы құрылған қожалықтың меншігінде 2500 гектар егістік жер бар. 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кооперативте егістікке арналған техниканың барлық түрі бар. Аталған ұжым өткен жылы 76 млн. теңгенің өнімін өндірген. Мәселен,  өткен жылы 2700 тонна бидай өнімін, 320 тонна мақсары, 450 тонна арпа жинаған.

Егінге алғашқы орақты қазығұрттық шаруалар салды. Аталған ауданда биыл 87 мың гектарға жуық жерге күздік және жаздық бидай мен арпа егілген.

Айта кетейік, тауар өндірушілерге жеңілдетілген бағамен берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артып, 85 мың тоннаны құрады. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 38 мың тонна жанар-жағар май толығымен тауар өндірушілерге босатылды. Ал астық оруға қажетті 900-ге жуық техника дайын тұр.

Егін орағы науқанымен қатар, облыста мал азығын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі күнге межеленген 3750 тоннаның 1590 тоннасы дайындалған.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

фотограф: Самат Мырзалиев

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.