ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭПИЗООТИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен, тиісті сала басшыларының қатысуымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде ветеринариялық іс-шараларды өткізу барысы қаралды. Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына жағдайды үнемі бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдауды міндеттеді.

– Облысымыз үшін ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы аса маңызды. Еліміздегі ет экспортының басым бөлігі Түркістан облысының еншісінде. Сондықтан төрт түлік арасындағы жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны дер кезінде салып, алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керек. Егер қауіпті ауру ошағы анықталса, экспортқа тоқтау салынады. Өңірдегі мал базарларын, шаруа қожалықтарын қадағалап, залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы атқару қатаң қадағалансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңірде үй жануарлары мен төрт түлік арасында кездесетін аса қауіпті 16 түрлі ауруға қарсы 30,3 млн. доза вакцина егу жоспарланған. Ал 9 айда жоспарланған дозаның 85% доза вакцинасы егілді. Оның ішінде, құтыруға, аусылға, сібір жарасына, эктимаға, брадзотқа, құс тұмауына, пастереллезге, қарасанға, лептопирозға, листериозға, күлге, обаға, нодулярлы дерматитке, туберкулезге, маңқаға, эхинококкозға қарсы вакциналар бар. Бұл туралы мәжілісте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай баяндап, ветеринария саласы бойынша 9 айда атқарылған іс-шаралардың барысына тоқталды.

Энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында екі кезеңге 3 056,5 мың бас ірі мал бүркіліп, 9773,7 мың бас ұсақ мал тоғытылды. Қора жайлар мен жапсарлас аумақтармен, мал жайылатын аумақтар, суаттар, бұталар залалсыздандырылған.

Облыс аумағында екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары биыл 10 шілде мен 15 қыркүйек аралығында атқарылып, нәтижесінде аурушаңдық пен кене шағу дерегі азайған. Эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Беккари» шұңқырлары және мал тоғыту орындарын ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, 10 дана «Беккари» шұңқыры, 20 дана мал өлексесін тастайтын орын салу жоспарлануда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.