ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕН 34.2 ЕСЕ АРТЫҚ БАҚША ӨНІМІ ӨНДІРІЛЕДІ
Түркістан облысында бақша дақылдарының 53% экспортталады. Өзге өңірлерді жеміс-жидек, көкөнісімен қамтамасыз ететін жері құнарлы өлке осылайша бүкіл Қазақстан халқы қажеттілігінен 3.2 есе артық бақша өнімдерін өндіреді. Бақша өнімі Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр.
Облыстың табиғи климаттық ерекшелігіне орай, ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды жүргізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, пияз, сәбіз, қызанақ, қияр еккен 10276 шаруа қожалықтары 1 га-дан орташа 1,5-2 млн.теңге төңірегінде табыс көреді. Диқандар жылына екі-үш өнім алу мен жаңбырлатып суару жүйесін мықтап қолға алған. Алдын-ала жасалынған есеп бойынша биыл 2,8 млн.тн. көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге 1,8 млн.тн. немесе 64% жиналды.
6 айда атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша, өңірде 60 пайыз астық орылып, гектар түсімділігі 19,0 центнерден 261,1 мың тонна астық қамбаға құйылды. Астық ору науқаны тамыз айының алғашқы он күндігінде аяқталады. Мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау мен субсидиялау да мал басы мен өнімділіктің ұлғаюына оң әсерін тигізуде. Атап айтқанда, мал басын ұлғайтуға 6,4 млрд.теңге бөлініп, 936 агроқұрылымға 2,5 млрд.теңге субсидия төленген. Нәтижесінде, жарты жылда ірі қара мал саны 6,1-ға артқан.
Экономикалық өсімі қарқынды әрі, ауыл шаруашылығы саласы бойынша елде ерекше орны бар Түркістан облысында жалпы саны 71,8 мың шаруа қожалығы тіркелген. Республикадағы үлесі 33 пайызды құрайды. 200 мыңға жуық азамат егін, мал шаруашылығында жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд.теңгеге артып, 706,0 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.