ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРЛЫ БОРАННАН 400-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚҰТҚАРЫЛҒАН

  Түркістан облысында авариялық құтқару жұмыстарының нәтижесінде көлігімен жолда қалып қойған (17 ауыр жүк көлігі, 90 жеңіл автокөлік) 377 адам  құтқарылды. Оның ішінде 75-і балалар. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.              

   Табиғи құбылысқа байланысты Департаментте шұғыл штаб құрылған. Өңірде республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының 2 учаскесі және облыстық маңыздағы автомобиль жолдарының 7 учаскесінде көліктердің жүруіне шектеу қойылған.

  «Өткен аптаның соңғы күндері жел мен жауған қар салдарынан Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби,  Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Созақ, Түлкібас, Сайрам аудандарында 34 773 абонент электр жарығынсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстарына жалпы 20 бригада, 65 жеке құрам, 18 бірлік техника жұмылдырылған. Дегенмен, қарлы боран салдарынан зардап шеккендер жоқ. Облыс тұрғындары егер ауа райы қолайсыз болған жағдайда жолға шықпағаны абзал», —   Т. Досалиев.  

   Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында сөз алған «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-ң бас директорының орынбасары Ерлан Мелдебековтың айтуынша, Түркістан қаласын жарықпен қайта қамту үшін 65 маман күні-түні жұмыс істеген. Бүгінгі таңда шаһарда 100% жарық бар. Негізінен, қалада 900-ден астам трансформатор болса, оның 165-і ғана аталған мекеме қарамағында. Қалған трансформаторлар қалалық инфрақұрылым бөлімі мен жеке азаматтарға тиесілі.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.