ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КЕЗЕКТІ «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» ОТЫРАР АУДАНЫНДА АШЫЛДЫ
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың туындауын болдырмауға бағытталған кезекті «сервистік әкімдіктің» ашылды.
Нысанның ашылу рәсіміне Елордадан арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы қатысты.
Жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылған «сервистік әкімдіктің» мүмкіншілігімен танысқан Агенттік өкілі Ғанижан Асанұлы «Бүгінгі күні Агенттіктің бастамасымен ел аумағында мемлекеттік органдардың жұмысы «Open space» форматына көшірілуде. Бұл халыққа барынша қолайлы жағдай туғызып, ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ жұмыс сапасының артуы мен тұтынушылардың кедергісіз қызмет алу мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Бүгінгі кезекті Отырар ауданында ашылған «сервистік әкімдікте» тиімді қызмет көрсетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға тікелей ықпал ететін болады»,- деп атап өтті.
Бұл жұмыс кеңістігі аудан әкімдігінің аппаратында ұйымдастырылған және мұнда азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған. Ашық әкімдік мемлекеттік органдардағы Open space және Front office жұмысының тиімді үйлесімі болып отыр.
Айта кетсек, бұдан былай тұрғындар ауданның әр бұрышында орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмайды. «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып қана қоймай, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және тұтынушылардың кедергісіз қызмет алуларына мүмкіндік бермек.
Алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты қала/аудандарда жергілікті тұрғындарға тиімді қызмет көрсетуге бағытталған «сервистік әкімдіктердің» қатары көбейіп, атқарушы билік өкілдері халықпен бетпе-бет отырып қызмет көрсететін болады.