ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқанына бағытталған іс-шаралар қызу жүріп жатыр. Бірінші наурыздан бастап 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан, тестілеулерден және әңгімелесуден өтуде. Осы жылдың көктемінде Түркістан облысынан 2000-нан астам ер-азаматтарды шақыру жоспарланған.
Күні кеше ғана алғашқы 25 ер-азамат конституциялық міндетін орындау үшін әскерге аттанды. Олар шақыру комиссиясының отырысынан өтті.
Түркістан облысы Қорғаныс департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаевтың айтуынша, облысымыздың жастары әскери қызметке белсенді қызығушылық танытуда, соның есебінен бәсекелестік туындайды және тек үздіктер ғана әскерге аттана алмақ.
«Алдағы уақытта әскерге облысымыздан 2000-ға жуық азаматты аттандырамыз. Бұл аз сан емес, бірақ өңіріміздің ер-жігіттері әскерге құлшынысы жағынан әрқашан алдыңғы шепте тұрады, сол себептен біз көктемгі жоспарымызды уақытылы, әрі сапалы орындайтынымызға берік сенемін», — деді ол.
Әскерге шақырылушылар мен лауазымды тұлғалар арасында коронавирустық инфекцияның таралмауы үшін жинақ пункттерде медициналық бекеттер орналастырылды. Облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер енгізілді.
Жас буын әскери бөлімдерге кетер алдында міндетті түрде ПТР-зерттеу әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеуден өтеді. Ал бөлімге келгеннен кейін жастар екі апталық карантинге оқшауланады. Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі.
Кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылар санатын кеңейту де маңызды жаңалық болып табылады. Енді кейінге қалдыру педагогтердің бүкіл жұмыс кезеңіне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру мекемелерінде оқудан өтіп жатқан адамдарға берілетін болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.