ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА RC COLA ШЫҒАРЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды. Мақсат – елмен бетпе-бет жүздесіп, өзекті мәселелерді тыңдау, заң аясында көмек беру. Түлкібастықтар тарапынан инфрақұрылым, ауыл шаруашылығына субсидия беру, үй салуға жер беру және өзге де мәселелерді көтерді. Облыс әкімі әрбір сұраққа жеке тоқталып, нақты жауап берді. Жауапты басшыларға мәселелерді назарға алуды тапсырды.
– Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлінген. Табиғаты ғажайып, ауасы шипалы өңірдің әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысынына жұмыс сапарында халықпен тығыз жұмыс істеуді күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселер бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте әрбір азамат өз саласы бойынша еңбек етуі тиіс. Жаңа бастамалар Түлкібас ауданының экономикалық дамуына тың серпін береді. Ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп саласының даму қарқынын арттырамыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде ауданның инфрақұрылымын арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл Еңбекші және Майлыкент ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 11 елді мекенде 32 жоба іске асырылуда. Амангелді, Абайыл және Таусағыз елді мекендерінде 3 мектептің құрылысы жүруде. Ал Кершетас елді мекенінде мектепті күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, жаңа мәдениет үйінің құрылысына қажетті қаржы қарастырылды. Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ елді мекендерінде 4 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.
Осы және өзге де деректерге тоқталған облыс әкімі кездесуден кейін бірнеше тұрғынды өтініші бойынша жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүреді.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Түлкібастағы бірқатар кәсіпорынды аралады, алда жүзеге асатын жобалармен танысты. Солардың бірі – сусын шығаратын «BEIBARYS BOTTLERS» ЖШС. RC Сola атауымен сан алуан түрлі ауыз су және қош иісі бар сусындар шығаратын нысанның құрылыс жұмыстары биыл шілде айында бастау алды. Жобаның жалпы құны – 7 млрд. 600 млн. теңге. Нысан 2024 жылы пайдалануға берілмек. Іске қосылған жағдайда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңір басшысы «Кен-Тау» ЖШС-нің алма сақтайтын заманауи қоймасын көрді. Сонымен бірге облыс басшысына мемлекеттік қайтарымсыз грант алып кәсібін ашқан азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесі таныстырылды. Түлкібас ауданында жыл басынан бері бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп отыр.
Дархан Сатыбалды жеке инвестициялар мен бизнес идеялар арқылы жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке, жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық беру керектігін айтты. Тұрғындарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен берілетін мүмкіндіктерді түсіндіру жұмыстары да күшейтіле түседі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.