ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ 224-КЕ ЖЕТТІ

Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, өткен жылы 6847 тонна балық өндірілген болатын. Биыл 7000 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілі Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Казиханов» шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты.

Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 6,8 млн теңге несие алған кәсіпкер, 2023 жылы кәсібін бастаған. Бүгінгі таңда екі бассейнде форель, сазан балығын өсіріп отырған кәсіп иесі жылына 10 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 10 азамат жұмыс істейді. Олар балықтың өсуін бақылып, үш мезгіл қажетті тағамдарын беріп отырады.

Жоба құны 80 млн теңге тұрады. Кәсіпкер өз қаржысы есебенін 73,2 млн теңге салған. Балық орталығындағы бассейіндерден балық арнайы ауланады. Ауланған балықтарды тағам етіп дайындап береді. Бүгінде тек кентаулықтар ғана емес, көрші аудан-қаланың тұрғындары келіп тамашалайтын мекенге айналған. Онда өндірілетін балық өнімдері ауылдағы балық сататын дүкендерге де сатылуда.

– Негізі 2015 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысып келемін. Алайда кәсіби түрде бұл істі бастағыныма 1 жыл болды. Осы аралықта 7-8 тонна өнім алдық. Қазіргі уақытта 30 соттық жер алып, балық көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – деді кәсіп иесі Құрбан Казиханов.

Бүгінде кәсібін жаңадан бастаған кәсіпорынның балықтарына сұраныс артқан. Кәсіп иесі бұл межемен тоқтап қалмай, алдағы уақытта балық өнімін көбейтуді жоспарлауда. Сондай-ақ мемлекеттен берілетін қолдауларға қол жеткізсе, кәсібін ары қарай ұлғайтуды көздейді.

Жалпы, Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айданы тіркеліп, оның 80 су айдыны балық шаруашылығын жүргізу мақсатында пайдалануда.

Түркістан облысы жасанды көлдерде балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірде тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 224-ке жетті. Облыста 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

– Облыста балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Облыс әкімі балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін тапсырған болатын. Мұндағы мақсат – тауарлы балықтың көлемін ұлғайту. Осы бағытта облыс көлемінде жеке кәсіпкерлер тарапынан үйіргелік аумағынан 100 балық шаруашылығы ашылды. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес, – деді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа.

Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мәселен, акваөсіру бойынша биылғы жылға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 237,5 миллион теңге бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашуда. Сондай-ақ биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылып отыр. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарлануда.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.