ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТӘРТІБІН БҰЗҒАН 250-ДЕН АСТАМ ЖАЙТ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрамы елдегі төтенше жағдай басталғалы қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшкен болатын. Тәртіп сақшылары тарапынан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеу бойынша бақылау күшейтілген. Соған қарамастан, небары екі күннің ішінде өңірде 33 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 6 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынса, 15 адамға әкімшілік айыппұл салынып, тағы соншасына ескерту берілді. Қалғанына қатысты материалдар сотқа жолданды.
Тәртіп сақшылары төтенше жағдайға қарамастан жұмыс істеп тұрған моншаны, түнгі уақытта жұмыс істеп тұрған бильярд орнын анықтады. Тәртіпке бағынбағандар арасында карантинге қарамастан блок-посттан өтіп кетуге тырысқан автокөлік иелері ұсталып, іс сотқа жолданған.
Осы уақыт арасында 253 құқық бұзушылық анықталған. 100-ден астам адам қамауға алынды. Төтенше жағдай кезінде дүкендердің, қоғамдық тамақтану және басқа да мекемелердің жұмыс тәртібін бұзуы мен отбасылық мерекелерді ұйымдастыруы жайттардың жолы кесілді.
Түркістан облысының полицейлері халықтың құрылыс және егіс жұмыстарына жұмылдырылған автокөліктердің, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етумен қатар медициналық көмекке мұқтаж адамдарды қоспағанда карантиндік режимді қатаң сақтауды ескертіп, аса қажеттілік туындамаса үйден шықпауға шақырады.