ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН 27 АДАМ СУ АЙДЫНДАРЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН
Түркістан облысында биыл жазатайым оқиғалар бойынша 27 адамның суға бату фактісі тіркелді. Оның 20-ы жас балалар. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда, яғни 2016-2020 жылдары аралығында облыстағы су айдындарында жалпы 252 адам қаза болып, оның ішінде 140 балалар болған.
«Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері — балаларды есік алдындағы суаруға арналған арықтардың жанында үлкендердің қарауынсыз қалдыру, балалардың шомылуға рұқсат етілмеген ауыл маңындағы каналдарға шомылуы, күннің суықтығына қарамастан таулардың ортасында орналасқан сарқырамаға түсіп, өз күштерін дұрыс бағаламау», — деді Ерік Темірханұлы.
Бүгінгі таңда су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізу қарқынды ұйымдастырылуда. Аудандық және қалалық Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, 142 рейдтік жұмыстар жүргізіп, 85 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған.