ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ АРНАЙЫ ТҰҚЫМБАҚТАР БЕКІТІЛДІ

Түркістан облысындағы елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын оңтайландыру мен көшеттердің өсу көрсеткішін арттыру мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында өсіріліп жатқан аудандастырылған көшеттер алдағы уақытта аудан, қалаларға бекітілген аумақтық орман шаруашылығы мекемелерінен мерзімінде босатылады. Түркістан облысынан барған журналистер «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ, Шолаққорған орманшылығының 10 гектар суғармалы тұрақты орман тұқымбағында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Орман қоры жерлеріне 2 млрд. көшет отырғызу жоспарынан тыс Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен 2025 жылға дейін Созақ және Бәйдібек ауданының елдімекендерін көгалдандыруға және Түркістан қаласы айналасындағы құрылып жатқан жасыл белдеуге егу үшін мекеме тұқымбақтарынан көшеттер босатылып жатыр.

«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жүнісхан Әлімбековтің айтуынша, мәдени орман екпелерін құру үшін керекті көшеттермен ағаш тұқымдары толық өз шаруашылықтарында дайындалатынын айтып, көгалдандыру жұмыстарының сапалы орындалуы мен күтіп бапталуын бақылап, қадағалау, мекеме мамандарына жүктелгенін жеткізді.

Қазіргі таңда мекемеде 25 га сексеуіл тұқымбағында 3 млн. 500 мың түп сексеуіл көшеті және 250 мыңнан астам қарағаш көшеті өсірілуде. Бұл ағаш көшеттері биылғы жылғы мәдени екпелерге отырғызу үшін және Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеу мен Бәйдібек, Созақ аудандарын көгалдандыру мақсатында үлестіріледі. 2020-2023 жыл аралығында мекеменің тұқымбақтарында өсірілген 2 357 000 дана әртүрлі ағаш көшеті босатылып, Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелер мен аудан әкімдіктерінің теңгеріміне берілген.

Одан соң журналистер елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары бойынша атқарылып жатқан «Шолаққорған — Түркістан» бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағына барды. Ауданда елді мекендерді көркейту жұмыстары жоспарлы түрде атқарылып жатыр. Биыл көктем айында Созақта көгалдандыру жұмыстарына байланысты аудан көлемінде 18 мыңнан аса көшет егілген.

– Өткен жылы көктемде «Жасыл белдеу» аумағының 3,2 гектар алқабына 3500 түп көшет егілген. Қазіргі таңда «Жасыл белдеу» аумағын 1,6 гектарға ұлғайтылған. Биыл тағы да 2 мыңнан аса көшет отырғызылды. Соның ішінде 2500 түп қара тал, 1000 түп гүжім талы бар. Мұнда бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Демеушілердің есебінен тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған, – деді Созақ аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов.

Бүгінгі таңда былтыр отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Аталған көгалдандыру аймағына жас көшеттер бірден тамыр алып кетуі үшін политэлен құбырымен тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Аудан аумағын көркейту, көгалдандыру мақсатында көшет отырғызу күз айларында жалғасын табатын болады.

Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспар аясында аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен былтыр күзде – 251,7 мың түп, 2023 жылы көктемде 532,7 мың түп әртүрлі көшеттер егілді. Соның ішінде Созақ ауданына күз-көктем айларында 23 мыңға жуық түп көшет отырғызылған. Жалпы, облыста 900-ге жуық елді мекен бар. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру мақсатында алдағы 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.