ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАҚША ӨНІМДЕРІ ЭКСПОРТҚА ШЫҚТЫ
Жетісай ауданы Абай ауылдық округінде «Әл-Фараби» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Қожалық төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев 45 гектар егістік жерден жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Ол биыл ақпан айында қауынның «бакинка» сортын егіп, қазіргі таңда өнім жинауды бастап кеткен. Енді сұранысқа орай Ресейге экспорттап жатыр. Шаруа қауынның келісін 600 теңгеден саудалаған.
«Биыл қауынымыз ауа-райына байланысты жылдағыдан сәл кештеу пісті. Дегенмен сұраныс жоғары. Ағын судан тапшылық болған жоқ. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз» — дейді шаруа.
Айта кетейік, жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына — мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге – бақша дақылдарын, 7,2 мың жерге — дәндік жүгеріні, 3,3 мың гектарға — көкөніс пен 6,3 мың гектар алқапқа — жоңышқа дақылын еккен. Қазіргі таңда күріш пен маш дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде. Биыл аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары — қауын болса, 4 мың гектары — қарбыз.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі