ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ БІР АЙЛЫҚ НӘРЕСТЕНІҢ ӨМІРІН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Бір айлық нәресте шұғыл түрде ауыр халде Түркістан облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылған. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, дәрігерлер баладан жүректің туа біткен ақауы мен асқазан ішек жолдары және өңештегі тесік жарықтары барын санаулы уақыт ішінде зерттеп, анықтаған. Барлық қауіп — қатерлер мен асқынулар таразыға салынып, жасанды қан айналым жағдайында жүрек ақауын түзету және диафрагманың өңеш тесігіне операция жасау шешімі қабылданады.

Кардиохирургтар мен неонаталды хирургтардың білікті құрамы жасаған ота 4 сағатқа созылды. Нәтижесінде нәрестенің беті бері қарап, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Отаның мұндай күрделі түрі өңірде алғаш рет жасалған. Түлкібас ауданы, Балықты ауылының тұрғыны Дана Әшірбектің бұл бесінші перзенті. Бөбегін қиын жағдайда дәрігерлер қолына тапсырған копбалалы ана абзал жандардың біліктіліктеріне риза болып, алғыс айтты.

«Әр науқастың жанына желеу болып, қандай ауруға болмасын қарсы тұратын дәрігерлерге деген шексіз алғысымды білдіргім келеді. Баламның ауруына араша бола білген дәрігерлерге және медбикелерге шексіз ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Сіздер бізге шексіз бақыт сыйладыңыздар»,-дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша мұндай операциялар науқастардың 20 пайызында кездеседі. Алайда, нәрестелер мен 3 айға дейінгі балаларға бірнеше күрделі ота жасау жоғары мамандандырылған диагностиканы және жоғары білікті мамандардың болуын талап етеді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.