ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КІТАПХАНАЛАРЫ 361 354 ДАНА ЖАҢА КІТАППЕН ТОЛЫҚТЫ
Бүгін облыс әкімдігінің аппарат отырысында мәдениет саласындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлары талқыланды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір үшін мәдениеттің орны ерекше екеніне тоқталып, осы саладағы бастамаларды саралады.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай рухани және мәдени іс-шаралар жүйелі түрде өтіп келеді. Бұл ретте биыл Түркістан қаласында пайдалануға берілген «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры және «Farab» кітапханасы өңір руханияты үшін тың серпін бергенін айта кеткен жөн.
Түркістан қаласында «Түрленген, гүлденген – Түркістан» республикалық ақындар айтысы, джаз музыкасының танымал орындаушылары қатысқан «Turkistan Jazz Party I» фестивалі, «Тайқазан» ұлттық киім дизайнерлердің республикалық байқауы, «Түркістан дауысы» республикалық ән байқауы ұйымдастырылған. Ауыл жастарының шығармашылығын насихаттау мақсатында арнайы жоспар түзіліп, әр аудан, қалаларда облыстық байқаулар мен фестивалдер өткізілген. «Түркістаным – Тұраным» халықаралық түркі суретшілерінің симпозиумы да суретшілерге шабыт сыйлады. Бүгінгі күнге дейін облыстық кәсіби 3 театрда 6 жаңа қойылым сахналанған.
«Жыл басынан бері облыстағы 24 музейде 6020 экскурсия, 520 көрме, 528 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінде 5 мыңдай жаңа экспонат жинақталып, жалпы қор 178927 данаға жетті. Облыстағы 395 кітапхана 361354 дана жаңа кітаппен толықтырылды» деді Ә.Қойлыбаев.
Облыс әкімі Түркістан өңірінде, оның ішінде Түркістан қаласында өтетін мәдени іс-шаралардың сапасы мен мазмұнын арттырып, деңгейін халықаралық талапқа сай көтеру жөнінде тапсырма берді.
«Жаңа идеялар, сапалы жобалар қажет. Мәдениет пен туризмге жауапты басқармалар Түркістанның туристік әлеуетін көтеру үшін жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қызығушылығын оятатын дүниелерді жоспарлап, ұймыдастырулары тиіс» дей келе осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.