ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІ РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұстаздар күніне орай мерекелік іс-шаралар туралы және білім сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша брифинг өтті.
– Мереке қарсаңында Түркістандағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде 26-27 қыркүйек облыс педагогтарының қатысуымен алғаш рет «Ұстаз барысы» өтті. Ал аудан, қалалық білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Менің алғашқы ұстазым» эссе байқауы ұйымдастырылды. «Жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында республикалық жас мұғалімдер форумы өтті. Сондай-ақ, EDCRUNCH Academy «Ұлы дала мектебі» жобасының аясында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы облыс педагогтарымен кездесті, — деді Нұржан Кеңесбекұлы.

Спикердің сөзінше, «Бір мезет естелік» тақырыбында білім саласының ардагер ұстаздарымен сұқбат ұйымдастырылып, мерекелік құттықтау өткен. Сондай-ақ, 3 қазанда өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының қатысуымен «Ақ жайық» саз мектебінде «Ұстаз жолы – Ұлы жол» қорытынды мерекелік концерті өтеді.
Түркістан облысы білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан республикада бірінші орында. Қазіргі таңда облыстың білім саласын дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «BILIMDI TURKISTAN» стратегиялық даму жоспары әзірленуде. Осы жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылады.

Бүгінгі күні облыс мектептерінде 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Оқушы саны жөнінен республикадағы ең үлкен көрсеткіш – Түркістан облысында. Облыста кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Өткен жылы 77 мектеп салынса, биыл 34 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 2023 жылы қаңтар айында педагогтардың айлығы 25 пайызға артады. Биыл қаңтар айынан бастап облыс педагогтарының айлығы 25 пайызға өскен.

Еске сала кетейік, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикадағы 7 500 мектептің «100 үздік мектебі» тізіміне облыстағы 11 мектеп енді. Оқушылар 6 халықаралық, 24 республикалық білім сайыстарына қатысты. Ол сайыстардан 25 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль иеленді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.