Түркістан облысының жастары «Айбын-2021» әскери патриоттық жиынына қатысуда
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада жас патриоттар арасында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны жетінші рет шымылдығын ашты.
Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін жиын биыл да елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн-форматта өтпек. Яғни, барлық қатысушылар әскери жиынның ашылу салтанатын тікелей эфирде тамашалады.
Ашылу салтанатында Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов жиынға қатысушыларға алдағы жарыстарында сәттілік пен сергектік тіледі. Отан қорғаушылармен бір қатарға тұруға лайықты болып, осы күрделі де құрметті мамандықты таңдап, өз өмірін әскермен байланыстырғысы келетін жастардың талпынысы мен ізгі ниетін атап өтті.
Екі ай мерзімінде өтетін жиынға Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің атынан 45 жасөспірімнен құралған 3 команда қатысқалы отыр. Олар, Арыс қаласынан «Барыс», Созақ ауданынан «Теріскей тарландары» және Төлеби аудандынан «Төле би арландары» атты командалар облыс намысын қорғайтын болады.
Аталған жиын ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін жалғасын табады. Жиын аясында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық конкурсы, «Смарт сарбаз» конкурсы өтеді. Онда жас құрастырушылардың қолымен жасалған роботтар және роботтандырылған жүйелердің түрлерін ұсынады. Сондай-ақ, биылғы бағдарламада жаңа жарыстар қосылды. Атап айтқанда, жас тілшілер арасындағы «Жас сарбаз – жас тілші» байқауы мен тоғыз-құмалақ ұлттық ойыны бойынша онлайн-турнир.
«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны – бұл елдегі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында Отанын қорғауға деген отансүйгіштік сезімдер мен ер-азаматтық қасиеттерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты жетілдіру мақсат еткен бірегей әскери-патриоттық іс-шара.
– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына «Төле би арландары» командасы күні бүгінге дейін үш рет қатысып, облыс көлемінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Биыл тағыда жеңіске үмітті «Төле би арландары» жарыстың әрбір кезеңіне сақадай сай, – дейді команда мүшесі Гүлнұр Серікқызы.