ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ 77 КӨЛІКПЕН ТОЛЫҚТЫ
Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем стансасына 77 санитарлық көлік берілді. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, отандық өндірістегі жедел-жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысты.
«Коронавирус індетімен күрес мақсатында елде медицина саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Барлық елді мекендерде осындай жаңару бар. Жаңа көліктер ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, жедел-жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келіп отыр.Еңбектеріңіз халыққа денсаулық, қуаныш сыйлап, табысты болсын»,-деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.
Жедел-жәрдем көліктері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, реанимациялық көмек көрсетуге арналған чемодан, жылжымалы зембіл, пульсоксиметр, редуктор-ингалятор және электрсорғыштармен жасақталған. Жыл соңына дейін қосымша 45 дана санитарлық автокөлікпен жабдықтау көзделген.
Жалпы, күн сайын облыстық жедел-жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Тәулігіне орташа есеппен 2000-ға жуық қоңырау түсуде. Келесі жылы бригадалар санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел-жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.