ТҮРКІСТАН ӨҢІРІН БІРГЕ ТҮЛЕТЕЙІК!
Түркістанда қазіргі таңда қызу құрылыс жүріп жатыр. Рухани астанамызды облыс орталығына айналдырғаннан бергі уақыт аралығында қалада да, өңірде де, экономикалық әрі рухани даму бар. Әйгілі Мағжан ақын айтқан «Тамаша Түркістандай жерде туған» жерлестеріміз де туған қаласының өсіп-өркендеуіне атсалысып-ақ жатыр. Осы мақсатта қаланы қайта түлетудің арнайы бағдарламалары да қабылданып, өңірдің тынысының ашылуына септігін тигізіп келеді. Яғни көңіл қуантарлық, мерейімізді тасытарлық ілкімді істер өте көп. Жергілікті жұртты былай қойғанда, зиялы қауым да шаһардың ертеңінен үмітті. Мәселен қоғам қайраткері А.Осман Түркістанның шын мәнінде гүлстанға айналатынына сенімді. Өйткені Түркістанды түлету шынайы жанашырлық, оң ниет болса жүзеге асыруға болатын міндет.
Түркістанның бас жоспары да бар. Өз еліміздің сәулетшілері дайындаған жоспар бойынша рухани орталықтың келешектегі келбеті айқындалып келеді. Яғни Түркістан үлкен шаһарға, ірі орталыққа айналуы тиіс.
Ол да кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бірінші кезең – 2025 жыл, екінші кезең – 2035 жыл. Ал, үшінші кезең – 2050 жыл. Сол уақытта қала халқы 500 мыңнан асып жығылуы мүмкін. Бірінші кезеңде кесене маңы мен жаңа әкімшілік іскерлік орталығы және осы екі аралықты жалғайтын күре жолдың айналасы реттеледі. Сондағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға басымдық беріледі, әсіресе, кесене маңы ерекше кейіпке енеді. Аталған аумақтан ескі қалашық салынып, туристер атарбамен серуендеп, тарихи жәдігерлерді тамашалайтын болады.
Қала аумағын екі есеге дейін ұлғайтуды көздеген бас жоспарда шаһардың туристік тартымдылығын арттыру мәселесіне де мән беріліп, келешекте заманауи қонақ үйлер салынып, сервистік қызметтер де жақсармақ.
Яғни 2035 жылы туристер саны 2 есеге өседі. Соған сай қонақ үйлер орны 2030 жылға қарай 2200 орынға жетуі керек.
Жалпы рухани салада да облыс орталығы мен өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен Түркістанда «Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық балалар шығармашылығы байқауы өткізіліп, оған еліміздің бар аймағынан 700-ден астам өнерпаз келді. Осынау «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараның ауыл таланттарының талабын ашуға, жас өнер иелерін шабыттандыруға септігі тиді деп білеміз.
Додаға қатысушылар 12 аталым бойынша: ұлттық аспапта ойнау, көркемсөз оқу, ақындық, дәстүрлі ән, сахналық қойылым, ғылыми жоба, вокал, қолөнер т.б. бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды.
Өнер додасын ұйымдастырушылар елдегі еленбей жүрген өнерлі жастардың біразын танытқанына сенімді. Себебі бұған дейін ұжым ең үздік деген 56 өнерпазды Франциядағы байқауға алып барған.
Шалғай аймақтардан, ауылдық жерлерден, қалалардан іріктеп, ең мықты дегендерін өнерге баулып, республикалық, халықаралық сахнаға шығаруды мақсат еткен қор өкілдері аудандарда жылына 2 рет өтіп жатқан өнер додасының деңгейі жоғары екенін айтады.
Түлкібастық қариялар да бата беруден өзара сынға түсті. «Батаменен ел көгерер» тақырыбындағы сайыста ақсақалдарымыз мақал-мәтелдер айтудан бір-бірінен қалыспады. Ауданның қазыналы қарттары арасындағы бұл сайыс «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп, оған ауданға қарасты 15 ауылдық округтен 11 батагөй қария қатысты. Олардың әрқайсысының сөйлеу әдебі, ой ұшқырлығымен қатар киім үлгілеріне де баса мән берілді. Бата тәртібі де ерекше ескеріліп, оның рухани жаңғырған жаңа заманға сай болуы керектігі де назарда ұсталды.
Яғни ұлттық дәстүріміз, қазақы қасиеттеріміз, рухани мұраларымыз дәріптеген байқау қорытындысында «Ең батагөй қария» атағын және бас жүлде мен І орынды Түлкібас кентінің тұрғыны Е.Дәулетов қария, ІІ орынды Шақпақ ауылдық округінің батагөй ақсақалы Е.Бейсетаев иеленсе, ІІІ орынды Кемербастау ауылдық округінен А.Абдалимов иеленді.
Яғни өңір руханиятының дамытудан аға буын өкілдері де шет қалып жатқан жоқ. Олай болса, Түркістанды бірге түлетіп, аймақты ажарландыруға да баршамыз атсалысайық.
Е.ТӘЖИЕВ.