ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ЕРІКТІ ЖАСТАРЫНА ПАРАСАТТЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен киелі өңірдің бір топ ерікті жастарына әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтарына негізделген семинар-тренинг өткізілді.

Алғашқы сөз кезегін алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай егемен елдің тірегі – ерікті жастар екендігін тілге тиек етіп, бір топ белсенді жас буынды киелі өңірде адалдық атмосферасын қалыптастыру және парасаттылық идеялогиясын ілгерілету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Жалынды жастармен өткен жиында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облыстық филиалының аға оқытушысы Нұрбай Досанов «Парасаттылық мәдениеті» тақырыбында дәріс оқып, пайым-парасат ұғымы мен қарым-қатынастағы парасаттылық мәдениеті бойынша еркін форматта толымды мағлұмат берді.

Өз кезегінде «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Гүлзия Қарсыбай жобалық кеңсенің аясында өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға айрықша тоқталып өтіп, бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – «Antikor Volontеers» еріктілер тобын құру екендігін жеткізді.

Адалдық аясында өрбіген келелі кездесу соңында елдің қамы үшін еселі еңбек етіп жүрген еріктілерге Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің және Академия филиалының тарапынан алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.