ТҮРКІСТАН: ПАРЛАМЕНТ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚОЗҒАДЫ

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарының қортындысы ретінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттарымен кеңес өткізді. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі  Жол картасының  жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сонымен бірге  облыстағы ағын су тапшылығы мәселесі де сөз болды.

Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов облыстың аудандары мен қалаларын, елді мекендерін аралап шыққанын, Жол картасының орындалу барысын зерделегенін мәлімдеді. Бағдарламаны орындауға кері әсерін тигізіп отырған факторлар да назарға алынып, жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі таңда Түркістан облысының әрбір аудан, қаласы және облыстық деңгей бойынша 17 Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Нысандардың салынуы, инфрақұрлымының дамуы, ол жұмыстардың бюджетке енгізілуі – партия қадағалауында.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазсушар» шаруашылық құқығындағы» РМК Түркістан облыстық филиалы директоры Мерлан Керімжановтың баяндамасы тыңдалды. Ол ағын су мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, өңірде суды үнемдейтін технологияларды енгізудің маңызды екенін айтты.

«Түркістан облысы – суармалы егіншілігі дамыған, алайда су ресурстары тапшы аймақ. Облыстың аудандарының негізгі суармалы жерлері трансшекаралық өзендердің ағын суына тәуелді. Трансшекаралық  Шыршық, Сырдария өзендерінен алынатын су жыл сайын дер кезінде және толық мөлшерде алынбай келеді. Барлық мемлекетаралық каналдар бойынша су белгіленген жылдық жоспарға сай келмеген. Соңғы бес жылда Зах, Ханым, Үлкен Келес каналдарынан нақты алынған су мөлшері  белгіленген лимиттің орташа есеппен 69  пайызын құрады», – деген ол осы және қуаңшылыққа қарамастан «Қазсушарға» тиесілі аумақтарда қарқынды жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары Сарыағаш ауданындағы Ералиев каналына қаржы бөлу, Келес ауданындағы Алпамыс ауылындағы каналға су жіберу мәселесін көтерді. Себебі келестік диқандар су тапшылығын сезіп жатыр. Су тапшылығын жою жөніндегі тетіктерді жетілдіру, тамшылатып суғару әдісін кеңінен қолдану, Шардара ауданындағы каналдардың сапасын көтеру жөніндегі түйткілдер де ашық айтылды. Суды жүйесіз әрі елге тиімсіз пайдаланып отырған құрылымдардың иелігіндегі су каналдарын «Қазсушар»  иелігіне өткізу жайы сараланды. Сонымен бірге сүт өнімдеріне субсидия көлемін арттыру, жайылымдық жерге қатысты Заңға өзгеріс енгізу, тұрғындардың жалақысын көтеру мәселесі де сөз болды.

Кездесу барысындағы ұсыныстар мен талап-тілектер хаттамаға енгізіліп, облыстық деңгейдегілері облыстық мәслихат арқылы жүйеленеді. Ал республикалық дегейдегі мәселелер Парламент мінберінде көтеріледі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев Түркістан облысының барлық дерлік аудан, қалаларын аралап, жұртшылықтың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Алдағы уақытта Түркістан өңірінен сайланған өзге депутаттар да сайлаушылармен кездеседі.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.