ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА АТА-АНА ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН АЗАМАТТАРҒА ҮЙ БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысы Сайрам ауданында 2 қабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстарды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аралап көрді.
Ақсу ауылында орналасқан бұл тұрғын жай үй кезегіне тіркелген жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 17 азаматқа тапсырылады. Аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 68 млн теңге қаржы қаралған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Сайрам ауданында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 184 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тіркелген.
Сондай-ақ Сайрамда мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұл білім ордасында 5 спорт залы, теннис корты, футбол алаңы, әртүрлі бағыттағы үйірмелерге арналған бөлмелер, бассейн орналасқан. 74 замануи үлгідегі интерактивті тақта, қажетті құрал-жабдықтарымен жабдықталған биология, химия және физика кабинеттері бар.
1200 оқушыға арналған мектепте 2400 бала екі ауысыммен оқи алады. Қазір бұл мектепте карантин талаптарын сақтай отырып, 1-3 сынып оқушылары білім алуда. Бір сыныпта 15 баладан отыратын кабинеттерде америкалық үлгімен қойылған парталар тұр. Яғни, бір партада тек бір бала отырады. Айта кетерлігі, заманауи білім ордасында оқу ақысы тегін, тек қосымша үйірмелер ғана ақылы.
Мектепті салған инвестор бұған дейін де 7 балабақша мен 2 мектепті өз қаражатына салған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.