ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ИНВЕСТОРЛАР 5 МЕКТЕП АШТЫ

Білім күніне орай, Түркістан облысы, Сайрам ауданында 5 жекеменшік мектеп ашылды. Оның бірі Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 300 орындық бастауыш сыныптарына арналған мектеп болса, қалған 1200 орынға арналған 4 жалпы орта мектеп Манкент ауылдық округінде орналасқан.
Алдымен аудан әкімі Ұ.Сәдібеков, облыстың Құрметті азаматтары Ә.Досболов және С.Бараховалармен бірге Қайнарбұлақ ауылындағы 300 орындық «Бақдәулет» жекеменшік бастауыш мектебінің салтанатты ашылуына қатысып, лентасын қиды. Жаңа ғимаратқа келген бастауыш сынып ұстаздары, оқушылары мен ата-аналарына жылы лебіздерін білдірді. Сонан соң, көпшілікке ғимараттың іші таныстырылды.
Ұласбек Сәдібекұлы өз құттықтауында: «Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата — аналар! Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты мереке – Білім күнімен құттықтаймын! 1 қыркүйек — барша халықтың, әсіресе балалардың көптен күтетін мерекесі! Бұл күн бәрімізге жақын мерекенің бірі дегім келеді. Өйткені, біз де сіздер сияқты мектеп табалдырығын аттап, қабырғасында білім алып, ең қызықты жастық шағымызды өткіздік. Жаңа оқу жылының алғашқы күні ұстаздарымызбен қауышып, оқуға ерекше дайындалып, тағатсыздана күткеніміз әлі де жадымызда сақталды. Биыл ауданымызда 2022-2023 оқу жылына бірінші сыныпқа 5847 бала мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Біз әрі қарай да жас ұрпақтарға қолдау көрсетуді жалғастыратын боламыз. Балаларды мектепке толық қамту үшін ауданда инвесторларды тарта отырып, жекеменшік мектептерді салу мәселесі жақсы қолға алынған. Осындай қолайлы жағдай жасалған, зәулім ғимаратта жақсы білім алуға бар жағдай жасалған. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, «Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады» деген сөзіне сай, алдағы жұмыстарыңызға шығармашылық табыс, жоғары жетістіктер мен денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!» деді.
Құрылысы 2021 жылы басталып, биыл аяқталған мектепке кәсіпкер, ауданға белгілі азамат Сағындықов Сиқымбай өз есебінен 210 млн. теңге жұмсаған. Жаңа білім ұясына негізгі пәндерді оқытуға 20-дан аса мұғалім жұмысқа қабылданған.
Аудан әкімі Ұ.Сәдібеков Н. Сулаймановтың жаңа типтік үлгідегі үш тілде оқытылатын 1200 орындық Әл-Фараби жалпы орта мектебін ашып, Білім күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты.
Бұл іс-шараға Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктер «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, аудан прокуроры Д.Тлемисов, «AMANAT» Сайрам аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы А.Әбдіқадіров, мектепті қаржыландыруға өз үлестерін қосқан «Банк Центркредит» және «Қазақстанның Даму банкі» АҚ жергілікті филиалының өкілдері қатысып, мектеп ұжымы мен балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Осы күні аудан әкімінің орынбасарлары Н.Сулаймановтың қолдауымен құрылысы жүргізілген мектептердің ашылу рәсімінде болды.
Жеке кәсіпкердің демеуімен жекеменшік мектептердің құрылыстарына 1 млрд. 200 млн. теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептеріне 40 млн. теңге көлемінде мектеп формасы, 80 млн. қаржыға оқулықтар сатып алған. 2022-2023 жыл аралығында заманауи үлгідегі, типтік, білім стандарттарына сай, үш тілде оқытылатын 1200 орындық 6 мектептің құрылысын аяқтап тапсырмақ. Жалпы 7200 баланы оқумен және 660 мұғалімді жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бала саны артқан мектептерден оқушылар мен ұстаздар жекеменшік мектептерге өтуде. Олардың сағат жүктемелері мен жұмыс орындарын сақтау мәселелері бойынша әкімдік, бөлім, кәсіподақ және кәсіпкер арасында меморандум түзілген.
Биыл бірнеше мектеп бой көтеріп, жаңа оқу жылында мұғалімдер мен балаларды қабылдауда. Нәтижесінде, осы елді мекендердегі мектептердің бір ауысымға өту мүмкіндігі бар.
Жекеменшік мектептердің ашылуының ата-аналар үшін ұтымдысы — балаларға сапалы білім беруге мән берілген, оқулықтар мен мектеп формаларымен қамтылған. Оларды тасымалдау қызметі, тамақтандыру мәселелері ұйымдастырылған. Әсіресе бала денсаулығын жақсартуға арналған дәрумендері бай, табиғи таза өнімдері ас мәзіріне енгізілген. Ашық және жабық спорт ғимараттары жеткілікті. Кейбір ғимаратта бассейн іске қосылған. Сондай-ақ балаларды сергітетін, өнерге баулу мақсатында қосымша үйірмелер ашылған.
Жалпы алғанда, ауданда 10 жекеменшік мектептің құрылысы қолға алынса, соның 5-еуінің құрылысы аяқталып, мерекені күні халықтың игілігіне тапсырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.