ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖАНДАНБАҚ

Минералды емдік суымен әйгілі Сарыағаш шипажайлары ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғарылата түспек. Былтыр емдік судан шипа іздеп келген туристер саны 123 мыңнан асқан болса, биыл олардың саны 15%-ға артады деп күтілуде. Осы мақсатта нақты жоспарлар бекітілген. Бұл мәселелер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сарыағаш ауданы әкімінің жылдық жұмыс қорытындысын тыңдау барысында баяндалды. Бүгінде ауданда 40-қа жуық сауықтыру шипажайы, балалар шипажайлары, гольф клубтар мен 20-дан астам қонақ үй қызмет көрсетеді. Аудан басшысы Мұхит Отаршиев туризмді дамыту барынша жүзеге асырылатынын айтты.

Сарыағаш ауданының экономикасының негізгі тірегі-ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Былтыр жалпы өнім көлемі 77 млрд. теңгеден асқан. Алдағы уақытта егістік алқабы 65 мың гектарға ұлғайтылып, жылыжай шаруашылығы мен тамшылатып суару әдісін қосымша 400 гектар жерге жаңадан ендіру жұмыстары жүргізілмек. Әсіресе жеміс-жидек өнімдерін өсіруді кеңейту көзделуде. Есептен кейін аудандағы бірқатар қиындықтарды көтерген облыс басшысы оларды шешу жолдарын шұғыл қарастыруды міндеттеді.

«Құрғақ сөз айтатын уақыт кетті. Нақты және нәтижелі жұмыс болсын. Жүктелген тапсырмалар міндетті түрде орындалу керек. Атқарылатын барлық жұмыстарды қадағалайтын боламын», — деді аудан әкімінің есебін тыңдаған аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі Сарыағаш ауданының тұрғындарын қабылдап, өтініштерін тыңдады. Аудан ақсақалдары ауыз су мен суармалы сумен қамтамасыз ету, халық санының өсуіне байланысты мектеп салу секілді мәселелер көтерді. Аймақ басшысы оларға қатысты жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.