ТҮРКІСТАН: САРЫҒАШТА МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АНАЛАР АЛТЫН ЖӘНЕ КҮМІС АЛҚАМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Сарыағаш ауданында мерекеге орай «Әлемнің нұры – әйелдер» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Аталған шараға ардагер аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, бірнеше егіздерді дүниеге әкелген аналар, көпбалалы аналар, мемлекеттік мекемеде қызмет ететін қыз-келіншектер қатысты.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аналарды мерекесімен құттықтап, нәзік жандылардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі алтын құрсақты аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік төсбелгілерін табыстап, содан соң ауданның дамуына елеулі үлес қосқан ардақты әжелер мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, қала, ауыл округ әкімдері, дербес бөлім және аудан әкімі аппараты бөлімшелерінің басшылары хормен «Ана туралы жыр» әнін орындап, жиналған аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтарын табыстап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында көпбалалы аналардың саны 13 635-ке жетті. Оның ішінде 169-ы батыр ана болса, 1531 ана «Алтын алқа», 6177 «Күміс алқа» иегері. Ал 255 ана І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі