ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚТАРДЫҢ 90 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН
Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте 35 елді мекен бар. Оның ішінде, 2009-2019 жылдар аралығында 31 елді мекен Түркістан және Кентау қалалары тарапынан ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінде аудандағы орталықтандырылған ауыз су жүйесін тұтыну көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр.
Биыл ауданға қарасты 8 елді мекенге «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, Қосмезгіл, Құмтиін, Қаратөбе, Жүйнек, Қызылжол, Құмайлықас, Ибата ауылдары мен 32-разъездегі ауыз су құбырлары ұзартылады. Тиісті жұмыстар аталған ауылдарда халық санының артып, инфрақұрылым жүйелерін тарту қажеттілігіне байланысты атқарылуда.
Бұдан бөлек, 6 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттар әзірленген. Сонымен қатар, Ойық елді мекенін ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттарының мерзімі өтуіне байланысты сметалық өзгеріс пен түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.