ТҮРКІСТАН: ШӘМШІ ТУҒАН АУЫЛДА «ӘНІМ СЕН ЕДІҢ» АТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

Отырар ауданында қазақ музыкасының қорын байытып, қазақ даласын әнімен тербеткен Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Әнім сен едің!» атты концерт өтті. Мерекелік шараға Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Жыл сайын еліміздің әр аймағында осы күні қайталанбас өнер иесінің есімі насихатталып, әндерінің шырқалуы – Шәмшіге деген қазақтың шынайы ықыласын аңғартып тұрады. Дәл осы өнер мерекесінің Шәмшінің туған топырағында атап өтілуі – өнерге деген айрықша құрмет және заңдылық деп білемін. Өздеріңізге белгілі Шәмшінің атын алған іргелі өнер шаңырағы, облыстық филармония Шәмші әндерін насихаттауда орасан зор жұмыстар атқарып келеді. Былтыр Алматы, биыл Астана сахналарында Шәмші әндері әуеледі. Одан бөлек, облыстың әр аймағы да Шәмші атындағы ән байқаулары мен өнер кештерін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бүгінгі «Әнім сен едің» атты ән кеші де осы шаралардың маңызын арттыра түскендей, – деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында біртуар азаматтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, дарынды тұлғаның өмірінен сыр шерткен көрме жасақталды. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов музей үйінің алдында шағын көрініс көрсетіліп, қонақтарға музей ішіндегі ұлы композитордың жеке заттары мен ерекше дүниелері таныстырылды.

Шәмші ауылындағы концертке жиналған қалың көрермен алдымен «Фараб» би ансамблінің өнерін тамашалады. Содан соң қазақ вальсінің королі жайлы бейнеролик көрсетілді. Танымал әнші Хадиша Шалабаеваның орындауындағы «Отырардағы той» әнімен ашылған кеште белгілі эстрада жұлдыздары мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетті. Соның ішінде Алтынай Жорабаева, Қазыбек Құрайыш, «Тuran boys» квартеті, Дінмұхамед – Дана, «Дарын» квартеті, Айжан Таженова, Бибігүл Әшірбаева, Замира Ысқақ, Мұрат Даниярұлы, Ержан Темірбаев, Аяжан Нұрмаханбет, тағы басқа сынды таланттар бар.

Алаштың маңдайына бақ болып біткен ұлы композитордың әндерімен бірнеше ұрпақ өсіп жетілді. Шәмші әндерін бүгін де еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткендей. Біртуар азаматтың қоржынында 300-ге тарта ән бар. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан да ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі.

Кеш шымылдығы Отырар ауданы мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Шалқыған Шәуілдір» әнімен жабылды. Осылайша ән падишасының туған күніндегі мерекелік кеш қалың көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, облыс көлемінде 15 тамыз – Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Аудан-қалаларда арнайы мерекелік кеш пен байқаулар өткізілді. Ал кітапхана мен музейлерде көрме жасақталып, ұлы композитордың әндерін насихаттауға бағытталған шаралар өтті.

 Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.