ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАҒА ТЫНЫС АЛУ АППАРАТТАРЫН СЫЙҒА ТАРТУДА
Ел басына түскен қиын сәтте жомарт қолды азаматтар қол ұшын созып, көпке көмегін көрсетуде. Созақ ауданның тумасы, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия Тұрысбеков 5 жасанды тыныс алу аппаратын алдыруға Түркия еліне тапсырыс берді. Жақын күндері оттегі концетраторы аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, науқастардың ем алуына қызмет көрсетеді.
«Індет белең алып тұрғанда мұндай оттегі концетраторы науқастар үшін пайдасы зор. Адам өкпесі зақымданғанда оттегі жетпей қиналады. Бұл аппарат көптеген адамның өміріне араша болады. Осы уақытқа дейін Базарбай Нұрланов есімді кәсіпкер азамат 2 оттегі концетраторын сыйға тартты. Жалпы ауданның азаматтарына үлкен алғысымды айтамын. Атын атамауды өтінген тағы бір кәсіпкер аурудың ортасында жүрген дәрігер, медбике, санитар, науқас жандарға құнарлы тамақ жесін деп 300 мың теңгенің ас ауқатын ауруханаға жеткізіп берді. Таукент кентіндегі провизорлық орталыққа «Сауран» ЖШС-нің бас директоры Марат Оспан, жеке кәсіпкер Мұханов Нұржан есімді азаматтар мал сойды. Төленова Гүлзада өз қаржысынан медицина қызметкерлеріне арнап 100 дана бетперде тікті»,- дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Қалдыбеков.