ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІСІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН 9 АЗАМАТ АҚШАЛАЙ СЫЙАҚЫ АЛДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзімділік және азаматтардың өздерінің белсенді қатысуы жемқорлық құқық бұзушылықтарды жоюдың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінде баспасөз жиыны өтті.

Брифингте Департаменттің Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Лаура Аманова ағымдағы жылдың 8 айында Департамент тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарын әшкерелеуге жәрдемдескен 9 тұлғаға жалпы сомасы 1 млн. 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілгенін атап өтті.

«Департамент Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын негізге ала отырып, әрбір тұрғын тарапынан келіп түскен ақпаратқа айрықша ден қояды. Азаматтардың құқықбұзушылық туралы берген мәліметі расталып, сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жұмысына жәрдемдескені үшін аталмыш азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді және олардың жеке бас қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады. Сондай-ақ, құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі, — деді Лаура Төреханқызы.

Шара соңында азаматтық белсенділіктің айрықша рөлге ие екендігі хабарланып, ел экономикасының дамуын тежейтін әлеуметтік індеттің алдын алуда ел азаматтарының таңдауы аса маңызды екендігі баса айтылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.