ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДЕРІ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ БӨЛУ БАРЫСЫН ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай бастаған жедел жұмысшы топ «СҚ – Фармация» ЖШС-нің Түркістан қаласындағы өңірлік қоймасына арнайы барып, Қытай елінен гуманитарлық көмек ретінде келген медициналық қорғаныс құралдарының мемлекеттік емдеу мекемелеріне толыққанды жеткізілу жұмыстарына бақылау жүргізді.
Мониторинг барысында Қытайдан келген гуманитарлық көмектің негізінен медициналық қорғаныс құралдары, соның ішінде 1 600 дана медициналық қорғаныс киімі, 8 200 дана хирургиялық қолғаптар, 50 дана байланыссыз инфрақызыл термометр, 28 960 дана хирургиялық бетперделер мен 3 700 дана медициналық қорғаныс көзілдіріктері бар екені белгілі болды.
Алдағы күнде аталған гуманитарлық көмек Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандарда орналасқан мемлекеттік ауруханалар мен емханаларға толығымен жеткізіліп, медицина қызметкерлері тегін қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмек.
Бұл жұмыстарға Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіні бақылау департаментінің мамандары, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен Арнайы мониторингтік топ мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысып, аталмыш гуманитарлық көмекті облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына тасымалдау барысын қадағалады.
Осы орайда, Департамент жанынан құрылған жұмысшы топ өкілдері барлық кораптарға «тегін» деп көрсетілген арнайы мөрлерді (белгілерді) қою арқылы гуманитарлық көмектің жекеменшік ауруханалар мен дәріханаларға заңсыз сатылымға шығуын қатаң бақылауда ұстайтын болады.