ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ 

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бірінші орынбасары Мирас Қарғабай 2020 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар  қорытындыланған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Баспасөз жиынында  ағымдағы жылдың 6 қазаны күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізілген өзгерістер таныстырылып,  бұдан былай азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынғаны туралы кең көлемде ақпарат берілді.

Мирас Асқарбайұлы  қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің                            367-бабына сәйкес, мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және    жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі бұдан былай әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, бұған дейін сыбайлас жемқорлық үшін  тек квазимемлекеттік компанияның бірінші басшысы ғана жауапқа тартылатын болса, алдағы уақытта  квазимемлекеттік мекемелердің сатып алуды ұйымдастыруға, өткізуге және мембюджеттен қаржыландырылатын жобаларға жауап беретін мамандары сыбайлас жемқорлық субъектісі болып есептелетінін атап өтті.
Бұдан бөлек,  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» заңында мүдделер қақтығысына қатысты өзгерістер, соның шінде мемлекеттік функцияны атқаруға өкілетті тұлға жақын туысқаны атқаратын лауазымға тікелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға, сондай-ақ жақын туыстарының тікелей бағынысында болуына құқығы жоқ екенін, сондай-ақ  заңда жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін тілге тиек етті.
Брифинг соңында Мемлекет басшысы өз жолдауында бірқатар шараларды жүзеге асыруды,  соның ішінде алдағы уақытта  мемлекеттік қызметшілерге, депутаттарға және судьяларға шетелдік банктерде шот ашуға және құнды заттарды сақтауға тыйым салуды, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған тұлғаларға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігін шектеуді,  сыбайлас жемқорлық үшін, оның ішінде пара берушінің және парақорлыққа делдал болған тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырғандығы айтылып, осы бағытта Агенттікпен аталған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.