ТҮРКІСТАН ТАҒЫ ДА ЖАҢА НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒАТЫН СӘТ ЖАҚЫН
Түркістанның мәдени-рухани орталығын дамыту жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығындағы құрылыс барысын бақылаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа жобалармен танысты. Жауапты сала басшыларымен бірге құрылыс нысандарын аралап, оларға бірқатар міндеттер жүктеді.
Шаһардың дамуының 2-кезеңі төрт аумақта жүзеге асырылып жатыр. Мәдени-рухани орталықта «Күлтөбе» қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджді қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары бой көтеріп, 182 га универститеттік ботаникалық бақты күтіп-баптау, «Парк Лайн» коттедж кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы былтыр басталған болатын. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы келесі жылы аяқталады.
– Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелді. Осы бағытта жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. Жалпы Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге, оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі. Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге жеткізілетін болады. Құрылысқа жауапты басшылар мен мердігерлер ел алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, жұмысты адал әрі сапалы атқарулары тиіс, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарланған. Атап айтқанда, теннис орталығы салынып, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымын салу жұмыстары жалғасуда. Ал халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 3 ұшаққа тұрақ, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі