ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫНЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНЕ МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол» жобасы аясында Түлкібас ауданына қарасты автомобиль жолдарға кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты — автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жолдарды төсеу және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу.
Жол сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Б.Ахметов, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е.Әдиат, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» зертхана меңгерушісі Д.Кешубаев, сондай-ақ жауапты мердігер компанияның басшылары мен БАҚ өкілдері қатысып, аудандағы Түлкібас және Сәстөбе кенттеріне қарасты көшелерге төселген жолдардың сапасына мониторинг жүргізді.
Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы Жайлау, Жамбыл, Айымбетов көшелеріне салынған асфальт бетон жамылғыларынан кесінділер алынды.
Зерделеу барысында жол төселімінің тегіссіздігі, көше бойларына орнатылған су ағарлар мен бордюрлардың жарылу деректері, сондай-ақ асфальт бетон жамылғысының қалыңдығы сметалық құжатқа сай келмейтіндігі анықталды.
Салынған жолдардың сапасы сын көтермейтінін байқаған мамандар мердігерлер жұмысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша акт түзіп, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізу бойынша ұсыныс берді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына бақылау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады.