ТҮРКІСТАН: ҮГІТ-НАСИХАТТЫҚ ШТАБ МҮШЕЛЕРІ МҰҒАЛІМДЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Білім беру ошақтары — өскелең жас өскіндерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тұла бойдағы тәлім-тәрбиенің тұнық болуына тікелей ықпал етеді. Ел келешегінің кемел болуына негіз болушылар да, ұлағатты ұстаздар екендігі әмбеге аян.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас ждемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық Штабтың мүшелері №26 жалпы орта мектебінің ұжымымен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үгіт-насихаттық жұмыстарын жүргізді.
Білім беру мекемесінде өткен жиынның негізгі мақсаты – әлемді дендеген әлеуметтік дерттің алдын алу және оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларға жол бермеу, сондай-ақ ұстаздар қауымына парасаттылық қағидаттарын кең көлемде дәріптеу.
Туралық пен тазалық, адалдық пен адамдық қасиеттер терең қазбаланған мақсатты жиынға облыстық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері Айдос Абпазов пен Ерұлан Тұңғышбаев қатысып, кез-келген өркениет көшіне ілескен мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең өзекті мәселелердің бірі екендігін және оның ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп-қатер мен қоғам дамуына айтарлықтай кедергі келтіретінін жіті түсіндірді.
Сондай-ақ, үгіт-насихаттық жұмыстар барысында Агенттік жұмысының ашықтығы пен тиімділігіне тоқталып, тұрмыстық жемқорлық індетіне қоғам болып төтеп берудің маңыздылығын айрықша атап өтті.
Шара соңында қоғамдық санаға әсер ету құралы ретінде облыста орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы әзірленген бейнеролик жұртшылық назарына ұсынылды.