ТҮРКІСТАН: ҰЛЫТАУДАН ЖАЯУ ШЫҚҚАН ЖИҺАНКЕЗ ОРДАБАСЫҒА ЖЕТТІ
31-наурыз күні ұлт ұясы – Ұлытаудан жаяу шыққан жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев ел бірлігінің тұтқасы — Ордабасы ауданына табан тіреді. «Ұлытауға бардың ба?» деген атпен экспедицияға шыққан жиһанкез еліміздің барлық дерлік өңірін жаяу аралап, рекордтар кітабына енуді мақсат тұтқан. Жуырда ғана ол Түркістан қаласында да болып, мақсатын түсіндірген еді.
Жиһанкез әуелі күш атасы — Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы облыстық спорт мұражайына бас сұғып балуанның өмір деректерімен танысып, даңқты балуан мәңгілік мекен еткен Темірландағы мазаратқа барып, зиярат етті. Онан соң үш жүздің басы қосылған тарихи мекен — Ордабасы тауына қарай жол алды.
Бүгінге дейін 1000 шақырымды артқа тастаған ақсақалдың миссиясы – Қазақстанды жаяу аралап, Ұлытау ордасының шежірелі тарихынан сыр шерту.
72 жастағы Сәрсенбай Оспанұлының сөзіне сүйенсек, бұл сапарында ол қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан қолданбалы өнер түрлерін жинақтап, ЮНЕСКО-ға өткізуді көздеп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі