«ТҮРКІСТАН — ЖАҢА ҚАЛА» ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАБЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Түркістан облысының орталығы — Түркістан қаласында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан «Түркістан-жаңа қала» тұрғын үй алабының қазығын қағып, іргетасын қалау рәсімі өтті.

«Қадірлі түркістандықтар! Елбасы Жарлығымен облыс орталығы көне Түркістанға ауысқалы үлкен өзгерістерге бет бұрдық. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамыту бойынша ірі жобалар қолға алынуда. Солардың кезектісі – 88 үйдің құрылысы. Бүгін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке инвестиция есебінен бой көтеретін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына бастаймыз. Мұнда 2-інші және 3-інші класстағы 2724 пәтер бар. Осы баспаналар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бірер жылда облыс орталығы жаңа келбетке ие болады. Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер қолданады. Тұрғын үйдің сапалы болатынына сенімдімін. Іске сәт!», — деді облыс әкімі көпқабатты тұрғын үй салудың іргетасын қалау рәсімін өткізу кезінде.

Аумағы 38 гектар жерге 88 көпқабатты тұрғын үй салынады. Оның 44 үйі 2019 жылы пайдалануға берілсе, қалған 44 үй 2020 жылы ел игілігіне тапсырылады.  Барлығы 4 тұрғын үй кешені — «Отырар», «Сырдария», «Арман» және «Сауран». Жалпы 2724 пәтер, 196285 шаршы метр алаңды алады. Бұл құрылыстарды жүргізуде «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС, «Берен» ЖШС, «Шымкент құрылыс» ЖШС және  «NK Building» ЖШС қатысады.

Шаһардағы «Отырар» шағын ауданынан бой көтеретін нысандар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру және 7-20-25 бағдарламасы аясында инвестициялау жобасымен «Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы және Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.