ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ КЕНТАУ ҚАЛАЛАРЫНДА САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙТІН ЖОЛДАР АНЫҚТАЛДЫ
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан Адалдық алаңы – Сапалы жол» жобасы аясында Түркістан мен Кентау қалаларының автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы жолдарды салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатында кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты — автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және жолдарды төсеу және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алу.
Жол сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Түркістан және Кентау қалалары бойынша жол саласына жетекшілік ететін қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен топ жетекшісі А.Абпазов, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев пен қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының сарапшылары, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары мен Түркістан және Кентау қалаларының «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшылары, сондай-ақ жауапты мердігер компанияның басшылары мен БАҚ өкілдері қатысып, қос қаланың жолдарына төселген жаңа жолдардың сапасымен танысты.
Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы Түркістан және Кентау қалаларында төселген жолдардың құрамы мен стандарты сараланып, салынған асфальт бетон жамылғысынан сынама алынды.
Мониторингтік тексеру жұмыстары кезінде Түркістан қаласындағы Қонаев көшесінің жол төселімінің тегістігі сметалық құжатқа сай келмейтіндігі және көше бойларына орнатылған су ағарлар мен бордюрлардың, сондай-ақ темір бетонды плиталардың жарылғандығы анықталса, Жарылқапов көшесінің жол жиектерін толық қайта қалпына келтіру қажеттігі белгілі болды.
Сондай-ақ, Кентау қаласында орналасқан Әль-Фараби, С.Сейфуллин және Панфилов көшелеріне жүргізілген арнайы бақылау жұмыстары барысында жаяу жүргіншілер жолағындағы асфальт бетон жамылғысының тегіс еместігі және көше бойындағы су ағарлардың бұзылғандығы, сондай-ақ аялдама алдындағы жол жамылғысының отырғандығы мен орнатылған кейбір бордюрлардың бұзылғандығы бойынша бірқатар ақаулар анықталды.
Салынған жолдардың сапасы сын көтермейтінін байқаған мамандар мердігерлер жұмысында анықталған көптеген кемшіліктер бойынша акт түзіп, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізуге нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.