ТҮРКІСТАН: ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

6 айдың қорытындысы бойынша қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде Түркістан облысында жол-көлік оқиғалары 13 пайызға, оның салдарынан жарақат алған адамдар саны 20,4 %-ға төмендеген. Бірақ, өкінішке қарай, жолдарда қаза болғандар саны 1,1%-ға артқан. Зардап шеккендер қатары елді мекендердегі жолдарда өскен. Жол көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келетін оқиғалардың алдын алу мәселесі Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында қаралды.

Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, облыста 430 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Күніне 25 мыңға жуық автокөлік республикалық маңызы бар жолдан өтеді. Талдау қорытындысы бойынша, жол-көлік оқиғалары жаз мезгілінде артады. Апаттың көбі көліктің жылдамдықты асыруынан, қарсы бағытқа шығуынан, маневр жасау ережелерін сақтамауынан болып отыр. Шілде айының өзінде үш ірі жол көлік оқиғасы тіркелген. Барлығында қарсы бағытқа шығу себеп болған.

– Жол саласына қатысты әр деректің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпайық. Жолдағы апат саны азаймай тұрғаны аян. Алайда ең бастысы – қайғылы оқиғаны болдырмаудың нақты нәтиже беретін жолдарын тауып, жүзеге асырайық. Апатты қалай тоқтатамыз? Нақты не істей аламыз? Осы бағытқа күш салу керек. Жол қауіпсіздігі қамтамасыз ету мен жүргізушілер арасында жүргізу тәртібін қалыптастыру бойынша нәтижелі шаралар қабылдануы қажет. Облыс аумағында орналасқан жолдардағы жағдайды қатаң бақылауда ұстап, түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет. Ішімдік пен психотропты заттарды қолданып, көлік басқарған азаматтар да қайғылы оқиғаларды көбейтіп отыр. Полиция департаменті осындай жағдайларға жол бермеуі керек. Бұл бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың баяндауынша, жолдар мен көшелерде көлік және жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету және қолайлы қозғалысты ұйымдастыру мақсатында басқарма тарапынан 4 бағытта жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру, жол белгілерін орнату, жол таңбалары мен жаяу жүргінші жолақтарын сызу, жолдарға жарықтандыру шамдарын орнату және аяқжолдар салу. Түркістан облысы аумағындағы жалпы қолданыстағы жолдар мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 459,34 шақырымды құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.