ТҮРКІСТАН: ЖОЛ ТӨСЕЛІМІНДЕ АНЫҚТАЛҒАН ТЕГІССІЗДІКТЕР ҚАЙТА ЖӨНДЕЛЕТІН БОЛАДЫ
Ағымдағы жылғы 21 тамыз күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментімен «Сапалы жол» жобасы аясында Жетісай ауданындағы бюждет қаржысы есебінен салынған аудандық ішкі жолдардың сапасына кешенді мониторингтік жұмыстары жүргізілді.
Қоғамдық бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты — автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен төселген жолдар сапасына қоғамдық бақылауды және мердігер мекеменің жауапкершілігін күшейту.
Жолдардың сапасын зерделеу жұмыстарына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев, аудан әкімінің орынбасары Е.Жанғазиев, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары А.Асауов, «Жетісай-адалдық алаңының» жетекшісі — Жетісай ауданы әкімінің сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі М.К.Бейсенбаев, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары мен жауапты мердігер компанияның басшылары мен ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Кешенді мониторинг жұмыстары барысында Асықата кенті мен Ш.Ділдәбеков ауылдық округіндегі З.Таспанбетова, Ж.Сапаров және Сүйінші көшелерінің жол құрылысының сапасы тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы төселген асфальт бетон жамылғысынан сынама алынды, нәтижесімен төселген жолдардың кейбір тұстары сметалық құжатқа сай келмейтіндігі анықталды.
Сондай-ақ, асфальт бетонның жалымғысында тегіссіздіктермен бұзылу ақаулары белгілі болды.
Жаңа салынған жолдардан бірқатар ақаулар байқаған сала мамандары анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге акт түзіп, компания басшыларына қайта жөндеуден өткізу бойынша ұсыныс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан/қалалардың жолдарына мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп тұратын болады.