ТҮРКІСТАНДА ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығы ашылды. Ол Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында жүзеге асты. Осы әріптестік арқылы еліміздің барлық орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда ашылатын 17 орталықтың алғашқысы болды. Бастама Азия Даму Банкінің (АДБ) қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.
Ашылу салтанатына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Түркістан облысының әкімі орынбасары Арман Жетпісбай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы орынбасары Олжас Ордабаев және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Айтулы ісшара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы және Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық күніне орай ұйымдастырылды. Ұлттық статистика деректері бойынша Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3%-ды құрайды. Олардың көпшілігі – осы саладағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес.
Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова бұл орталықтың өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға және жалпы отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетінін атап өтті.
«Қыз-келіншектер кез келген сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, отбасының бюджетін молайта алатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Десе де көп жағдайда жеке кәсіпті ашуға білімі жеткіліксіз болып жатады, кейде ынталандыру жетіспесе, енді біріне кәсіпті бастаған алғашқы кезеңдерде қолдау жетіспейді. Өңірлердегі қолдау орталықтары қажетті біліктілік пен практикалық тұрғыдан көмек көрсететін ортақ алаң болуы тиіс. Табыс табуды үйренгісі келген кез келген қыз-келіншек, ауылдардан болса да, бұл орталықтарда тек кеңес алып қоймай, іс жүзінде қолдау мен көмек алатынын сезінетін болады. Орталықтар қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің экономикасын күшейте түсетініне сеніміміз мол», деді Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.
«Елімізде жыл сайын кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. «Бастау» жобасы арқылы оқыған түлектердің 50%-ы – нәзік жандылар. Биылдың өзінде палата арқылы қаржылай емес қолдау бойынша 188 мың кеңес берілсе, тең жартысын қыз-келіншектер алған. Бұл бастама Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Қолдау орталықтары арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда практикалық көмек түрлері ұсынылатын болады. Онымен қоса оқыту тренингтері мен мастер-класстар ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген.
Айта кетейік, 2021 жылы орталықтар Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылады. Ал 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.