ТҮРКІСТАНДА «АҚЫЛДЫ КВАРТАЛ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысында Цифрландыру орталығы отандық IT-жүйелерін әзірлеушілермен бірлесіп Түркістан қаласында бірнеше пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, ағымдағы жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билеттеу жүйесі жұмысын бастайды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Отырар шағын ауданында көп пәтерлі 10 үйді қамтитын «Ақылды квартал» жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Цифрландыру орталығының басшысы Асылбек Жанғұлов мәлімдеді.
Сондай-ақ, облыстағы ІІД-мен бірігіп қауіпсіздік пен бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық ТЖД үшін «112 қызметі» автоматтандырылған жүйесін пайдалануға енгізу көзделіп отыр.
«Цифрландыру жобаларын үйлестіруді, сараптамалық қолдауды және өзара ықпалдастыруды қамтамасыз ету үшін Түркістан облысы әкімдігі «Түркістан» ӘКК» АҚ базасында 2018 жылы қазан айында цифрландыру орталығын құрды. Қазіргі уақытта Цифрландыру орталығы Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 15-тен астам халықаралық және Қазақстандық IT компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атқарылған іс-шаралар Түркістан облысына салынатын инвестиция көлемін 30 млн. АҚШ долларына жетуіне және IT-мамандар үшін қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді деп күтілуде», — деді Асылбек Аспандиярұлы.
Цифрландыру орталығы мемлекеттік органдардың мамандарына, облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктерге цифрландыру бойынша жол карталарын әзірлеуде қолдау көрсетеді. Түркістан облысының барлық қалаларының ішінде алғаш болып Түркістан облысындағы цифрландыру бағдарламасына Сарыағаш қаласы қосылды. Цифрландыру орталығымен бірге ақылды қала – Sary Agash Digital жобасы әзірленді.
2021 жылға дейін есептелген жобалар портфелінде 28 жоба бар, олар: қаланы тиімді басқару және осы процесске белсенді азаматтарды тартуды қамтамасыз етпек. Цифрландыру орталығының алдағы жоспары – Ұлттық Геоақпараттық жүйесінің бөлігі ретінде Түркістан облысының Бірыңғай геопорталын құру, сонымен бірге Түркістан облысын цифрландыруға ниетті отандық IT компанияларға цифрландыру жобаларын жүзеге асырулары үшін бірыңғай сервистік модель ұсыну.