ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ 15 НЫСАН ТАПСЫРЫЛАДЫ
Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 2020 жылға өтпелі нысандардың құрылысы мамыр-қыркүйек айларында толық аяқталып, ел игілігіне беріледі. Ең алдымен Тұңғыш Президент саябағы, орталық аллея, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталады. Көне шаһарда жаңа ғимараттардың құрылысына өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері атсалысып жатыр. Осы және өзге де маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен апталық лездеме отырысында ортаға салынды.
Бой көтерген басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты, конгресс орталығы, Нұр-Сұлтан алаңы, оқушылар сарайы, стадион, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, қалалық саябақ, драма театр, ғылыми-әмбебап кітапхана, Ұлы дала елі орталығы, Қ.А.Яссауи мұражайын биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, әкімшілік-іскерлік орталығында 7 инженерлік инфрақұрылым нысандарының (су, кәріз, электр, газ, жылу, жол және абаттандыру) құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ, «Rixos Turkestan», «Hampton by Hilton», «Нұр-әлем» қонақ үйлері мен «Әкімшілік ғимаратын қонақ үй етіп қайта құру», «Караван Сарай» және 5000 орындық мешіттің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық құрылыс алаңдарында санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілген.
Аппарат отырысында Түркістан облысы бойынша шектеу шараларының көшейтілуі мен тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Түркістан облысы аумағында «бетперделік режим» енгізілді. Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шыға алады. 6 мыңға жуық азаматқа 42500 теңге көлемінде төлем тағайындалған.
Әлеуметтік төлемдер мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмысын жоғалтқан азаматтарға қарастырылған. Бұл төлемді шағын және орта кәсіп иелері, дара жұмыс істейтін және бірыңғай жиынтық төлем төлеуші азаматтар алады. Қазіргі таңда барлық аудан, қалаларда жұмыс штабтары құрылған. Электронды мемлекеттік порталы арқылы да өтініш қабылданады. Әзірге 1366 адам өтініш берді.
Облыс аумағында барлық қоғамдық орындар, аулалар мен төлем жасау орындары күн сайын дезинфекциялануда. Облыс әкімінің тапсырмасымен, блок-бекеттердің тəртібін күшейту жəне Түркістан қаласының аумағын залалсыздандыру жұмыстарына көмек беру мақсатында 200-ден аса əскери қызметкер және бірнеше əскери техникалар жұмылдырылды.